ҮКІМЕТТЕ ЦИФРЛЫҚ ЖОБАЛАР ҚАРАЛДЫ

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау, салықтық және кедендік әкімшілендіру салаларында цифрлық технологияларды енгізу мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыруды және «Әлеуметтік әмиян» жобасын пилоттық енгізу арқылы халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді цифрландырудың оң тәжірибесі қаралды.
Ваучерлік қаржыландыру жүйесі мектепке дейінгі білім берудің барлық мекемелеріне олардың талаптарына сәйкес келген жағдайда мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізуге жол ашады, ата-аналарға балабақшаны өз еркімен таңдауға мүмкіндік береді, «білім беру мекемесіне емес, қаражатты баланың соңынан ілестіру» қағидаты бойынша үдерістің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларының мектепке дейінгі ұйымдарында жобаны сынақтан өткізу туралы хабардар етті. Бұл ретте алдын ала нәтижелер жоспарланған трансформацияның нақты тиімділігін көрсететіні атап өтілді. Мысалы, Таразда бұған дейін бірнеше жыл кезекте тұрған екі жастан асқан 23 мыңнан астам сәби балабақшаларда орынмен қамтамасыз етілді. Бұрын мемлекеттік тапсырыс алмаған 19 қалалық балабақша тізімге енгізілді. Небары 2 айда балаларды қабылдау фактісі бойынша қаржыландыру есебінен 600 млн теңге бюджет қаражаты үнемделді. Түркістанда жобаны іске асырудың 2 аптасында 740 ваучер берілді, балабақшаларға кезек нөлге дейін азайтылды. Шымкентте де оң нәтижелер бар. Тұтастай алғанда, бүгінде жобаны аталған өңірлердің қалалары мен аудандарында іске қосу жоспарланып отыр, әрі қарай бүкіл еліміз бойынша кеңейтіледі.